… Шындық-1 …
Екеуміз түсте жүретін көшеміз
тым ұзын. Қарасам ойлана.
Мені енді жалғыз қалмасын десеңіз,
Жақсы көріңіз жәй ғана.
Терең ғой,керең ғой ой деген,
Бақыттың барлығы тәтті емес.
Ақымақтық жасасам кейде мен,
Ұрсып та алыңыз, қатты емес.
Кімдерге мойыған асау бақ,
Бізге де кете ме қарамай?!
КөздеріМ тұрғанда жасаурап,
Еркелетіңіз баладай.
Сезімдер атса да бүршігін,
Кеудені құлатқан тасқын, ә?!
«Кетіңіз» десем де қырсығып,
Тыңдаушы болмаңыз, жақсы ма?!
Сенімім, көңілім кеш өлген
ұғыңыз. Сездірмей күліңіз.
«Барлығы жақсы ғой» десем мен,
Барлығы жақсы емес біліңіз.
Махаббат-сезім ғой, бұ масаң,
Білсек те білмейміз неге біз?!
Өткенге өкініп жыласам,
«Не себеп мұңайдың?» демеңіз.
Сүйсем де, айтпаймын,алдаймын,
Тым нәзік болса да жаныңыз.
Десем де » ешқайда бармаймын» ,
Сұрамай әкетіп қалыңыз.
Біз тіпті алдаймыз күліп-ақ,
Жылдамбыз. Еріншек- ол да біз.
Біз жайлы көп нәрсе біліп-ақ,
Барлығын білуші болмаңыз.
Төзім жоқ жүректе, тұр мида,
Дәрі жоқ, бәрі бар біз үшін.
Қымбат боп жүрейін ылғи да,
Жұмбақ боп қалайын сіз үшін.
Көп жерде мен сізбен келіспей
кетемін. Жүрмеңіз тұнжырап.
Мен сізді сүйемін тек іштей,
Сіз мені сүйсеңіз шын бірақ.
Көңілге мұң да көп түйуге,
Жетеді өтірік күлкім де.
Бір ғұмыр мен сізді сүйуге,
Бір тал гүл жетеді бір күнде.
Күнімен мұңдасып,сырласып,
Жанымды жыр жатар жұлқылап.
Мен сізге боп жүріп шын ғашық,
Бір сәтте ұмытам, мүмкін-ақ.
Сіз ғашық болыңыз жәй ғана…
Р. Тәжібаева
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Мұқағали Мақатаев