Самат Смақовтың қатысуымен өткен баспасөз-мәслихаты

Бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен жиналыстың басты себебі — «Ақтөбе» футбол клубының бас директор Самат Кабирұлы Смақовқа сенімгерлік басқаруға берілуі.

-Баршаңызға қайырлы күн! Баршаңызды көргеніме қуаныштымын. Баспасөз-мәслихатын ұйымдастырған себебіміз – журналистер «Ақтөбе» футбол клубына қатысты көптеп сұрақ қойып кетті, әсіресе кешеден бері. Қысқаша айтар болсақ, бәріңізді маусымның аяқталуымен құттықтаймын. Біз барлық қиындықтарға қарамастан, мен келген кездегі клутың хал-жағдайын ескере отыра – маусымды әжептәуір жақсы нәтижемен аяқтадық деп есептеймін. Жыл басында біздің алты ұпайымыздың шегеріліп, маусым соңында бірқатар көшбасшы ойыншыларымыз жарақат алып, қатардан шығып қалғаны бәріне аян. Бапкерлік штаб пен футболшыларға алғыс айтам – олар маусым барысында команда кезіккен барлық қиындықтарға қарамастан өз жұмыстарын жақсы атқара білді. Футболшылар үшін маусым пайдалы болды деп ойлаймын, жанкүйерлерге де ұнағаны анық.

-Екі сұрақ қойсам. Осынша ақшаны қайдан алдыңыз? «Ақтөбе Таймс» газетіне берген сұхбатыңызда клубты сатып алмаймын деп айтқан едіңіз. Айнып қалдыңыз ба? Тендерге сізден басқа кім қатысты?

-Көпшілікті Самат Смақов ақшаны қайдан алды деп деген сұрақ мазалап отырған шығар. Мен 21 жылдың футболшы карьерамда адал еңбектендім, соның арқасында ақша таптым. Оған қоса, 108 миллион теңге бірден енгізілмейді. Бұл соманы жеті жылдың ішінде төлеу қажет. Мен сауда-саттық шарты бойынша 15 миллион теңге төледім. Қалғанын жеті жылдың ішінде төлейміз.
Екінші сұраққа келер болсақ – мен өзімнің саудаға қатысуым туралы алдын-ала жарияламауым үшін тек «сыбыс» деп қана жауап қатқан едім. Сауда электронды түрде өтті, менен басқа ешкім болған жоқ.

-Сенімділік басқару уақытында клуб бюджеттен қаржыландырылмақ. Ал футболшылар алдындағы қарыз қандай ақшадан төленбек?

-Клубты сенімділік басқару алған соң, қарыздарды да төлеу біздің міндетімізге көшті. Біз қарыз ойыншылармен сөйлесіп жатырмыз. Бәріне арнап төлем кестесін құрдық. Сома өте көп, сондықтан да өз-өзімізге мақсат қойдық – екі жылдың ішінде барлық қарызды төлеп, клубты қарыздан тап-таза еткіміз келеді.

-Клубты сенімділік басқаруына алған соң қандай өзгерістер жасауды жоспарлап отырсыз? Қандай футболшыға қанша қарыз екенімізді нақты ашып айтып бере аласыз ба?

-Қарыз соманы ашып айта алмаймын, бірақ аз ақша емес. Иә, клубқа қатысты ойға алған жоспарларымыз бар. Балалар – біздің болашағымыз. Шынымды айтсам, аталған мәселелер себепті өз академиямызға көп көңіл бөле алмадым. Жаңа жылдан бастап футбол орталығының орнына атын жарияламаймын. Бәлкім дарындылары сол жақтың академияларына барып оқыр, олардың балалары да бізге келулері мүмкін. Сол жердегі бапкерлер бізге 5-6 айға келіп, қалада, аудандарымызда оқыту жұмыстарын жүргізсе дейміз.
Қазіргі уақытта балалардың академиядағы жаттығуларына, олармен жұмыс жасап жатқан бапкерлердің жұмыстарына көңілім толмайды. Академиядағы барлық жастағы командалар бір методикамен жұмыс жасағаны дұрыс деп есептеймін. Мен жаттығуларына қатыстым, байқадым, шынымды айтсам олардың жаттығуларының деңгейінің төмендігіне куә болдым. Бапкерлердің деңгейлері де көңілімнен шықпайды. Сондықтан алдағы үш жылға арнап академияны дамытудың жоспарын түземіз. Бірақ біз серіктес болғымыз келетін академиямен 5 жылға келісім-шарт жасасқымыз келеді. Біріншіден, балалар футболын көтергіміз келеді, себебі биылғы маусымда негізгі командада әр ойынға бес-алты жергілікті ойыншылар шығып отырды. Біздің төл түлектеріміз тек бізде ғана емес, Қазақстанның барлық клубтарында, шетелде ойнаса екен дейміз.
Біздің академиямыздағы бапкерлердің арасында жемқорлық жайлағанын мен жақсы білемін, бірақ ешкімнің үстінен түскенім жоқ. Сырт алаңдағы ойындарға барғанда бапкерлер балалардың үстінен пайда көріп, қалталарын толтырып жүр. Біздің балаларымыз діттеген жерлеріне әлі жетпеген, ал маған ол жақтың қонақүйлері қоңырау соғып үлгеріп жатыр. Біз мысалға қонақүймен үш теңгеге келіссек, олар қонақүй басшысымен екі теңгеге келісіп, бір теңгені қалталарына салып жатыр. Баланы бір канистр бензинге академияға орналастырғандар болғанын да білемін. Талантты баланы ысырып тастап, Бәке-Сәке, бір бастық ұсынған баланы ала қояды. Сондай баланы алған бапкердің үйіне жөндеу жұмыстарын жасап бергенін білемін. Ондайдан аулақ болуымыз керек. Болмайды да.
Келесі жылдан бастап академия барлық жердегідей ақылы болмақ. Бірақ бәріне ақылы емес. Балалардың бір бөлігі тегін жаттығады – деңгейі жоғары балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. Одан өзге, баласын «Ақтөбе» футбол клубында жаттықтырғысы келетін ата-ана ақылы жаттығуға жазылады. Бұрынғыдай қоңырау арқылы емес, заңды түрде. Сөйтіп академия пайда тауып, өз-өзінің кейбір шығындарын жауып отыратын болады.

Еще по теме:  Никогда, не показывай вида, что тебя что-то задело...

-Клубты сенімгерлік басқаруға алу туралы шешімді бірден қабылдадыңыз ба? Бұған не себеп болды? Билікпен келіс-сөздер жүргіздіңіз бе? Бюджеттен қаржыландыру бола ма? Қанша сома бөлінеді?
-Клубты сатуға қойған кезде мен көптеген тәжірибелі адамдармен сөйлестім. Мен үшін бұл таңсық нәрсе ғой. Басқа облыстың әкімдерімен де қарым-қатынасым жақсы, олармен де ақылдастым. Олар да өз ақылдарын айтты. Біле білсеңіздер, егер үшінші саудада да клуб өтпей қалғанда, заң бойынша клубты жойып жіберу керек-тін. Сондықтан, отбасыммен, ата-анаммен, маған қымбат адамдармен ақылдаса отырып, осындай шешімге келдім. Клубты жойып жіберу мүмкін екендігін біліп тұрып, басқаша жасай алмадым. Себебі бұл клуб мен үшін өте қымбат. Клубтың көзін жойып жібергеннен кейін ол өзінің тарихын да жоятын еді, «Ақтөбе» деп аталмас еді.
Көптеген «ақылгөйлер» клубты банкрот қылып, жаба салған әлдеқайда жеңіл дейді, сұхбат береді. Бірақ ол адамдар жеңістің қалай келгенін, адамдардың футболға қалай келгенін білмейді, маңдай термен, ауыр еңбекпен келген медальдардың құнын білмейді. Иә, банкрот қыла салуға болады. Бірақ олар банкрот қыла салса, қарызды төлемеуге болады деп ойлайды. Әсте олай емес. Егер саналы түрде банкрот қылынса, қылмыстық іс қозғалатынын маған айтқан. Ал қарызды төлемеу үшін банкрот қылса, онда ең бірінші құрылтайшының өзі банкрот болып кетуі керек. Яғни, Ақтөбе облысының қаржы басқармасы банкрот болу керек екен. Клуб тіпті жабылып қалып, Екінші лигадан қайтадан бастағанның өзінде қарызды төлеу керек.Біздің тарапымыздан да, әкімдік тарапынан да банкрот туралы ешқандай сөз де болған емес – Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев ешқашан ондай әңгіме көтерген емес. Қайталап айтайын, банкрот туралы әңгімені «Ақтөбенің» тағдырына қалай болса солай қарайтын дилетанттар айтып жүр.

-Бюджет қатыса ма?

-Иә, қатысады. Оған қоса біздің маркетингтік қызмет демеушілер табу үшін көптеген келіссөз жүргізіп жатыр. Мен газ саласындағы демеуші болғысы келетін компаниямен сөйлескен едім. Олар былтыр клубқа қаржылай көмек беру туралы жиналыс өткізіпті, алайда бәрі бірауыздан қарсылық білдірген. Себебі аударылған соманың клубтың қазынасы нақты түсетіндігіне күмәнмен қараған. Биыл олардың ойлары өзгерді. Олар жасалып жатқан жұмысты көріп жатыр, сондықтан көмекке келіп, демеушілік танытуға дайын.

-Келер жылғы бюджет биылғы бюджетпен бірдей бола ма?

-Иә, дәл сондай болады. Облыс әкімі ешқандай мәселе болмайтындығына уәде берді.

-Жұмысқа басқа да қаржы мамандары тартыла ма? Бас директор қызметін әрі қарай атқара бересіз бе?

-Менің ойымша, ол маңызды емес. Ешкімді шақырмаймын. Менің көмекшім бар – менің орынбасарым, Мәриям Самғалиқызы, мен оған сенемін. Біраз уақытқа кетіп қалсам да осы кісіге клубты сеніп тапсыра алам. Ешқандай қиыншылық болмайтындығын жақсы білем. Әкімдіктегілерге бәрі қызық – ақша қайда кетіп жатыр дейді. Мен бәріне айта алам – кез-келген уақытта ешқандай ескертусіз тексеруге келе аласыздар. Біз әрбір тиынға есеп бере аламыз.

Еще по теме:  Приглашаем на Обучение!

-Жанкүйерлерді ойыншыларды тіркеуге салынған тыйым алаңдатады.

-Ондай жағдай қайталанбауы үшін біз қазір әрбір ойыншыға арнап төлем кестесін құрып жатырмыз, сол төлем кестесі арқылы жаңа жылдан бастап төлеп бастаймыз. ФИФА «Ақтөбенің» қимыл жасап жатқанын көреді, біз ол банның алынып тасталуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Ол үшін қарызды төлеп бастауымыз керек.

-Тағы да ұпай алынуы мүмкін бе?

-Егер қарызды төлеуді бастасақ, ұпай алынбайды.

-Клубтың қандай мүлкі бар?

-Футболшылардың базасы, автобус, «Тойота Королла» көлігі «Хюндай» шағын автобусы.

Тағы да ұпай жайлы. Келер жылы, маусым алдында тағы да ұпай алынуы мүмкін бе?

-Қайталап айтайын, біз барлық ойыншыларға төлем кестесін жібереміз. Олар кестені көріп, ешқандай санкцияларға бара қоймас. Қазақстандық ойыншылармен сөйлесу оңай. Олар бәрі мені біледі, маған сенеді. Легионерлермен қиындау, әсіресе мен жеке танымайтындарымен. Қазіргі уақытта ең қиыны – бразилиялық Неконың алдындағы қарыз. Оған өте көп ақша қарызбыз. Сіздер түсіну үшін айтайын – оған «Ақтөбе-Жастың» екі бюджетіндей ақша қарызбыз. Ол қарыз қалайша қордаланып қалды? Сіздер ол жайлы білетін шығарсыздар. Басында ойыншы клубтан өтемақы ретінде үш айлығы көлемінде ақша сұраған. Ол 2016 жылы болатын. Оны ешкім тыңдамады, ешкім елемеді. Неко тиісті органдарға шағым жазып тастаған. Бірақ ол шағымды ешкім көрмеген. Неко амалсыздан бір жалақыға келіседі деген оймен сол кездегі басшы ол шағымды сейфке тығып тастаған. Сол кезде дұрыс сөйлесіп, мәселені шешуге болатын еді. Ойыншы көп ойланып жатпастан тағы да бірнеше шағым жазады. Ақырында клубтан ұпай алыну жайлы шешім 2017 жылы Мақсат Тюмалиев басқарып тұрған кезде келеді. Сосын барып сейфтен алғашқы қағазды тауып алады. Жағдайды бүгінге дейін жеткізбей-ақ, ушықтырмай-ақ сол 2016 жылы шешіп тастауға болатындығын бәрі сол түсінді.

-2016 жылы хатты елемеген Васильев мырза болды ғой?

-Дәл солай.

-Егер қазір «бан» алынып, «Ақтөбе» жаңа ойыншыларды қатарға қоса алатын болса, қазіргі құрам қаншалықты өзгереді?

-Біз былтыр қазақстандық жақсы ойыншыларды, тәжірибелі легионерлерді «Ақтөбеге» шақыру барысында қиыншылыққа тап болсақ, биыл футболшылар алға жылжу бар екендігін көріп жатыр. Барлық жағынан алға жылжу байқалады. Команданың ойыны, қаржы жағынан тұрақтылығы.. Көптеген ойыншылар келуге дайын. Команда сапында ойнауға әзір. Бізде ойнап кеткен ойыншылар да келуге дайын. Бірақ қазіргі таңда келіссөз бастау қиындау, себебін өздеріңіз білесіздер. Банды алу-алмайтындығын нақты білмеймін. Жаңа ойыншыларды тап ертең-ақ қатарға қосуға болады. Бірақ бан алынбаса, ол ойыншыларды чемпионатқа қоса алмаймыз. Сондықтан әзірге ерте. Оған қоса, біздің қарыздарымыз бар екендігін естен шығармаңыздар. Тіпті бан алынғанның өзінде команда жасақтау барысында шамалы кідіре тұруымыз керек. Бюджетке қараймыз. Құрамды қолда бар қаражатқа қарай, қарызды ескере отыра жасақтаймыз.

-Мухановпен жұмыс әрі қарай жалғаса ма?

-Кеше ғана біз Владимир Васильевичпен сөйлестік. Тағы да сөйлесеміз. Оның келісім-шарт мерзімі аяқталды. Әрине, қаламыз үшін көп нәрсе жасаған маманнан айырылғымыз келмейді. Бірақ бұл жерде бәрі тек маған байланысты емес. Келіссөзді жалғастырамыз.

-Сіз балалар-жасөспірімдер футболы туралы көп айттыңыз. Бірақ балалардың өз базасы жоқ. Бұл мәселе қалай шешіледі?

-Шынымды айтсам, бұл туралы біздің жоспарымыз орасан зор. База демекші, тек база емес, бүкіл Ақтөбе облысын қамтығымыз келеді. Мен өз жоспарларым туралы облыс басшылығына да айтқанмын. Академия базасында интернат салғымыз келеді. Аудандарда талантты балалар жетерлік. Қазірдің өзінде оларды алып келуге болады. Бірақ олардың тұратын жерлері жоқ. Интернат болса олар осы жерде-ақ жаттыға алатын болады. Әсіресе аз қамтылған отбасылардың балалары.

Еще по теме:  ⚡Молния: сегодня Дима Билан получил звание Заслуженного артиста России!

-Тағы да сауда-саттық жайлы сұрасам. Сіз қатысқан саудада сізден басқа кім болды?

-Екінші мен үшінші саудада менен басқа ешкім болған жоқ. Білуімше, бірінші кезеңде бірнеше адам болған. Бірақ ол кезде сауда жасалынбай қалған. Егер түсінікті тілмен айтар болсам, қарызы көп клубты өз жауапкершілігіне алып, сатып алуға ешкімнің жүрегі дауаламаған. Әсіресе, біздің елімізде футбол арқылы пайда түсіру қиынның қиыны. Еуропада пайда көре аласыз. Бізде бұл турасында әлі де көптеген қиыншылықтар бар. Бірақ дәл осы Ақтөбеде пайда табудың көптеген көздері бар. Себебі қала футболды жақсы көреді. Еліміздегі ең үздік жанкүйерлер бізде. Биыл біз маркетинг жағынан біршама пайда көре алдық. Түскен пайданы 2016 жылғы футболшылардың алдындағы қарыздарға жұмсадық.

-Клуб жаңа маусымда қай ойыншыны жібереді?

-Әзірге ешкім де клубтан кеткен жоқ. Себебі «банды» алмаса, жаңа ойыншыларды тіркей алмаймыз. Қазіргі құрамдағы барлық ойыншылар қала бермек. Бір-екі ойыншы кетуі мүмкін. Бірақ негізін сақтап қалғымыз келеді.

-Пиззеллидің жағдайы қалай?

-Пиззелли «Ақтөбе» үшін көп нәрсе жасады. Бұл жерде ешқандай күмән жоқ. Ол балдақпен келсе де біз онымен жаңа келісім-шарт жасасамыз. Адамгершілік жағынан да бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Осындай жағдайда ойыншыдан теріс айналмауымыз керек. Мен кеше ғана футболшы карьерамды аяқтаған жанмын. Мен бұл жайлы бәрін өте жақсы білем. Өкінішке орай, Қазақстанда бұндай жағдайлар жиі кездеседі. Футболшы жарақат алып қалса, бірден ешкімге керегі болмай қалады. Біз Маркоспен үнемі байланыстамыз. Оған жақында ота жасалады. Бәрі жақсы өтсе, ол қаңтар айынан бастап командамен бірге болады.

-Клуб қазір қайтіп пайда таппақ? Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

-Фан-шоп жұмыс жасайды. Клуб мұражайын ашқымыз келеді. Стадионның да клубқа тиесілі болғанын қалаймыз. Бұл жайында жоспарларымыз бар. Басқа да көптеген жобаларымыз бар. Маркетинг бөлімі жұмыс жасайды. Бәрін іске асыра аламыз деген ойдамын.

-Қаржыландыруды қысқартпай ма?

-Қысқартпаймыз деп маған уәде берді.

-Оқу-жаттығу жиыны туралы қандай жоспарларыңыз бар?

-Алғашқы жиынды Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізген тамаша болар еді. Қаңтар айында Түркияда жауын-шашын көп болады. Бірақ біздің бюджетіміз оған жете қоймас. Әдеттегідей, қаңтар айының 10-нан кейін Түркияда алғашқы жиын өткізгіміз келеді. Ол жақта жолдастық кездесулер үшін командалар жетерлік.

-Ойыншылар өткен маусымға қандай баға берді? Сіз өз пікіріңізді айттыңыз. Олардың ойлары қандай?

-Ойыншылардың көңілдері түсіп кетті. Соңғы ойыннан соң команда болып бірге отырдық. Футболшылар отбасыларымен, кеңсе қызметкерлері болып бас қостық. Маусымды қорытындыладық. Әрине, төртінші орынға мүмкіндігіміз болды. Бірақ командалардың арасының тығыздығы төртінші орыннан айырды. Сондықтан да бәрінің көңілдері толмайды.

-Сіздің жақындарыңыз клубты сатып алғаныңызды қалай қабылдады? Құттықтады ма?

-Телефоныма әлі де тыным жоқ. Бірі құттықтап жатыр, бірі: — Не деген тәуекел, қарызы бар клубты сатып алғаның не деп қалжыңдап жатыр (күліп). Басқа клуб болғанында мен мұндай қадамға бармас та едім. Бірақ бұл «Ақтөбе». Осы сөздің өзі жеткілікті. Клубың жойылып кетуіне жол бергім келмеді.

-Отбасыңызды Ақтөбеге көшіріп алу жоспарыңызда бар ма?

-Жоқ, менің отбасым Алматыда тұрады. Балалары спортпен айналысады, оқуда. Әрине, мен жақындарымның қасымда болғанын қалаймын. Бірақ қазіргі уақытта олардың Алматыда тұрғандары ыңғайлырақ.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі.

Эта статья была автоматически добавлена из сообщества "АҚТӨБЕ" ФК жанкүйерлерінің ресми тобы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.