Отбасы

«Әйелін түсінген күйеу» деген әңгімені аударған кезде қазақтарға бұл бәрібір жат шығар деп ішімнен шорт кескен ем. Олай емес екен.

Дастарқандас боп қалдық. Ерлі-зайыптылар. Әйелі де, күйеуі де сұмдық салмақты, байсалды кісілер. Бұрыннан да білуші ем. Бірақ осы жолы мен оларды жай адамдар қатарынан емесін түсіндім. Менен сәл үлкен. Әйелінің әңгімесі: «Күйеуімнің арқасында адам болдым ғой. Қолдан алмасаң, бармаймын деп өзімше болғанмын ғой баяғыда. Бірақ ол дегеніне көндірді. Үй-іші, бала-шаға көп. Реті келмеді. Келмеген соң ренжімедік көп. Тағдыр бұйрығы шығар. Осы жиырма жылда бір ренжіткен емес. Бір адамға күнімді қаратқан емес. Екі жақтың тойына қатар шабыламыз. Одан қалса қаншама дос-жаран, менің құрбыларым бар. Бірінің жақсылығынан қалдырған емес. Жалғыз жіберген емес. Маған көңілі толмай, сыртқа бір ауыз қиянат сөз айтқан емес. Мен роддомға кеткенде де балаларды ешкімге бақтырған емес. Бәріне өзі менімен қатар бірдей жүгірді. Мен еркекпін деп шалқалаған емес. Мынау қатынның жұмысы деп жатып алған емес. Өзім бар болсам оған қызмет жасаймын. Мен жоқта балаларға менің жоқтығымды дым білдірмегені үшін ризамын ғой. Саспайды. Мен, ойбу, енді қайттым деген кездің бәрінде, саспа, мен ойланайын дейді. Әйтеуір, бәрін шешеді. Арқа сүйерім бола алды. Онсыз өмірімді елестете алмаймын. Қайда жүрсек те осы, екеуміз қол ұстасып қатар жүреміз. Бірімізсіз біріміз ешқайда барған емеспіз, еш жерден қалған емеспіз. Анау сенің туысқаның, сенің құрбы-қыздарың деген емес. Аллаға шүкір. Аз күн жұмыссыз қалды өткенде. Өзі іштей қиналды. Сездім онысын. Сонда айттым, өмір-бақи бағып-қағып келесің ғой, сол жұмыс тағы табылар, еңсеңді бір жұмысқа бола түсіре бермеші деп. Сәл де болса, қолдау ғой. Содан басқа жұмысқа тұрды. Енді, міне, жарқырап жүр. Еркек болып қыз қуып кетпеді. Үйдегі төрт баланы мәпелеп, барлық үйірмеге өзі баулып отыр. Маған бұйрық береді, мен жүгірем сосын. Сен жұмысқа шықсаң, төрт балаға кім қарайды, жарайды өзді-өзін баққан күнде ананың орны толмай қалады деп, мені қазір жұмысқа да шығармай отыр. Отбасыны ойлайтын азаматым бар деп мен бала-шағамның қызығына батып отырмын. Ер жігіт осындай-ақ болсын.
Әлгі, пәленшенің үйіне барғанда көрдім, әйелі жұмыстан келген күйеуіне тамақ жылытып әкеп берсе, анау шалқаяды салат жеп тойып алдым, неменеге әкелдің деп. Жұрттың көзінше де солай айта береді екен. Сондай еркекті көргенде сабаумен бір қойғың келеді. Әйелге әйел деп қарау керек қой. Оның әйелі күң сияқты тура. Анау соған семіріп алған. Ондай күйеуге шыдап жүрген адамның төзімі ертең таусылса, кімге ренжиді сонда? Мен таң қалдым» деп тоқтады.
Күйеуі біртоға, сабырлы кісі. Ән де салды, анекдот та айтты. Отырған қыз-қырқынды күлдірді, олар өзара әйелдерский өсекке ауғанда қой деген жоқ, бірақ араласқан да жоқ. «Әркімнің аласы ішінде ғой» деді де отыра берді. Тұрып та кеткен жоқ, Теледидарға қадалып, соткасына үңілген жоқ. Мықты екен.
Екеуі бір-бірін бүгін көргендей өліп-өшіп те тұрған жоқ, бірақ сыйлап отыр. Әркім шамасы жеткен жерінен бағалап отыр. Ұйыған шаңырақ, тату отбасы. Бәрі ашық. Еш сыйқырсыз. Еш кіналаусыз. Ешбір жасандылық жоқ. Ешбір міндетсіз. Әркім өзінің рөлін жақсы меңгерген. Әркім өзінің орнында. Олар отбасы. Бір бүтін. Әдемі. Осылай болуы тиіс-ті. Қызықтым. Көп нәрсеге қызыға да, таң қала да бермеймін. Бірақ осы жолы, ұлы қарапайымдылыққа бас идім. Рухани теңгерім бар. Еркек үйдің шегесі. Қалай қадалады, отбасы солай құрылады. Балаларына бақытты отбасының формуласын үйрететін, көрсететін, дәмін татыратын, мұра етіп қалдыратын осындай асқар тау әкелер көп болсыншы деп тіледім.

Еще по теме:  Джуд Лоу, 1990-е

✍️ Шынар Әбілда

Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Ерлі-Зайыптылар Сыры

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.